Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда оқушылар ЖБО экранынан құқық бұзушылардың ұсталған сәтін көрді

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде жұмыс күні Қазақстан полициясы күніне арналған бір минут үнсіздіктен басталды.Тәртіп сақшылары қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етіп, мемориалға гүл шоқтарын қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мерекеге орай тәртіп сақшылары Ашық есік күнін өткізді. ПД әкімшілік ғимаратының алдында қызметтік автокөліктер, қару-жарақ пен арнайы құралдардың үлгілері қойылған стендтер мен макеттер көрсетілді. Бұл қонақтарға Заң мен Тәртіп күзетіндегі қызметтің мән-жайын көзбен көруге мүмкіндік берді.

Басты қонақтар – балалар мен жасөспірімдер болды. Олар полицейлердің жабдықтарын киіп көріп, заманауи техникамен танысып, қызметтік иттермен суретке түсті.

Ниет білдіргендер СҚО ПД музейіне экскурсия жасап, онда ұсынылған ерекше жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар Петропавл қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығына барды.

ЖБО – тәулік бойы жұмыс істейтін бөлініс. Мұнда "102" мобильдік қосымшасы мен арнасы арқылы келіп түскен хабарламалар қабылданып, қылмыстық әрекеттерден азаматтарды қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін қызметкерлерге нұсқаулар беріледі.

Экскурсия кезінде балалардың көзінше екі жүргізушінің көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны анықталды. Екі жүргізуші де сол сәтте жауапкершілікке тартылды. Бұл жайтты экскурсияға келген жас қонақтар ЖБО мониторларынан бақылап тұрды.

Полицейлердің айтуынша, мұндай экскурсиялар жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыруға, азаматтық ұстаным және Заң мен Тәртіп идеологиясына құрметпен қарау сезімін дамытуға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру