Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер бұзақылық жасаған күдіктілердің бірін қолға түсірді

Петропавлда полицейлер бұзақылық жасаған күдіктілердің бірін қолға түсірді – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қаладағы дәмханалардың бірінің жанында болған жанжалдан кейін 42 жастағы петропавлдық ірі көлемді айыппұл төлеуден бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылуы мүмкін. Дәмханаға келгендердің арасында жанжал түнгі сағат 02:45 шамасында болған. Далаға шыққан соң олар сөзге келіп қалады, күш қолданудың салдарынан екі ер адам зардап шекті.

Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер төбелесті тоқтатқан. Бүгінгі таңда бұзақылық жасады деген күдікпен жанжалдасқандардың біреуі ұсталды. Оның сөзінше төбелес болмаған, алайда бейнебақылау камерасындағы жазба төбелестің болғанын көрсетті. Барлық оқиғаның мән-жайын тергеуші анықтайтын болады.

Полицейлердің айтуынша, бұзақылық жасағаны үшін 2 мың айлық есептік көрсеткіштен 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алдын ала келісім арқылы немесе басқа да ауырлататын мән-жайлар бойынша адамдар тобымен жасалған қылық болса, 6 жылға дейін, қару қолданылса 7 жылға дейін жаза қолданылуы мүмкін.

Осындай жағдайларға дереу ден қою үшін полицейлер өздерінің бағыттарын жедел жағдайға байланысты, криминогендік жағдай орын алуы мүмкін деген жерлерге жақын орналастырады. Бұзақылық фактілеріне қарсы іс-қимыл – полицейлердің «Заң мен тәртіп» принципін іске асыру аясындағы басымды бағыттардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру