Петропавлда полицейлер интернет-алаяқтар қолданатын құрылғыны тәркіледі
Петропавлда полицейлер интернет-алаяқтар қолданатын құрылғыны тәркіледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да полицейлер Петропавл аумағында sim-бокстарды пайдалану фактілерін анықтады. Олар жалған құжаттар бойынша жалға алынған пәтерлерде орналасқан. Болжам бойынша олардың иесі – ТМД елдерінің бірінің 32 жастағы азаматы ұсталды.
Sim-бокстарды пайдалана отырып, интернет-алаяқтар “банктердің”, “құқық қорғау органдарының”, “ұялы байланыс операторларының”, “Қазпоштаның” және басқа да ұйымдардың атын жамылып, өз құрбандарына жалған нөмірлерден қоңырау шалу мүмкіндігіне ие болады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтардың барлық әрекеті келесі үш мақсатқа келіп тіреледі.
1. Олар адамнан sms-хабарлама арқылы келген кодты айтуын сұрайды. Мұны мүлдем жасауға болмайды: кодты біліп алған қылмыскерлер сіздің шоттарыңызды иеленуі мүмкін.
2. Алаяқтар адамдарды алдып, телефондарына “AnyDesk”, “TeamViewer”, “HopToDesk”, “AirDroidControl” және басқа да бейтаныс қосымшаларды орнатуға көндіреді. Бұлар алаяқтарға телефонды қашықтықтан отырып басқаруға мүмкіндік беретін қосымшалар. Егер телефоныңыз сіздің командаларды орындамай жатқанын байқасаңыз, “Ұшақта” режимін қосуға тырысыңыз, бұл қашықтықтан басқару сеансын тоқтатады.
3. Көбінесе алаяқтардың мақсаты – адамды ірі несие алып, “қауіпсіз” немесе “резервтік” шотқа ақша салдыруға көндіру. Естеріңізде болсын: банктің бірде-бір қызметкері адамды қандай да бір қаржылық операцияларды орындауға көндіре алмайды. Өзіңізді қорғау үшін Egov.mobile мобильді қосымшасында несиелерден ерікті түрде бас тарту қызметін пайдаланыңыз.
Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Полицейлер оның киберқылмыскерлердің ірі желісінің жұмысына қатысты бар-жоғын тексеруде.