Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер қоғамдық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде

Петропавлда полицейлер қоғамдық қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлда полицейлер қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киімдер мен аксессуарларды қолдануға тыйым салынатынын тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Шектеу маскаларға, балаклаваларға, ниқабтарға және адамның тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін өзге де заттарға қатысты.

Тыйымның мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, жеке басын анықтауды қажет ететін жағдайларда жедел әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз ету. Тәртіп сақшылары енгізілген талаптар азаматтардың діни сенім бостандығына және конституциялық құқықтарына әсер етпейтінін және олар тек қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне бағытталғанын ескертеді.

Түсіндіру жұмыстары барысында тұрғындар көбіне медициналық маскалар, суықта тағылатын шарфтар немесе шаңнан қорғайтын таңғыштар бойынша сұрақтар қояды. Полицейлер мұндай жағдайларға тыйым салынбайтынын нақтылайды. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарға арналған арнайы қорғаныс құралдарын және сахналық қойылымдардағы өнерпаздардың маскаларын қолдануға рұқсат етіледі.

Халықтың құқықтық сауатын арттыру — "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі бағыттардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру