Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер шетелдік студенттерге ҚР заңдарын сақтау тәртібін түсіндірді

Петропавлда полицейлер шетелдік студенттерге ҚР заңдарын сақтау тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан университеті халықаралық маңызға ие. Мұнда жақын және алыс шетелдерден — Үндістан, Моңғолия, Польша және өзге елдерден жастар келіп білім алады. Шетелдік студенттердің Қазақстандағы құқықтық алаңда өздерін сенімді сезінуі үшін полицейлер кезекті кездесу өткізді.

Миграциялық қызмет өкілдері ҚР-да болу ережелерін түсіндіріп, азаматтыққа қатысты сұрақтарға тоқталды, сондай-ақ елден шығарылуға себеп болуы мүмкін құқық бұзушылықтар жайында айтты.

Жергілікті полиция қызметінің мамандары шетелдік жастарға қоғамдық тәртіп талаптарын түсіндірді. Жеке тоқталған мәселелердің бірі — заңнамадағы жаңа нормалар. Атап айтқанда, Қазақстанда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім элементтерін, бетперде, никаб тағып жүруге тыйым салынғаны хабарланды.

Полицейлер бұл талаптың басты мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті нығайту екенін атап өтті. Ол дінге байланысты өзге киімдерге, сондай-ақ ауа райы немесе медициналық жағдайлармен байланысты ерекшеліктерге қатысты қолданылмайды.

Құқық қорғаушылар шетелдік студенттерге жадынама мен QR-код арқылы кіретін SafeTravel.kz мультитілді электрондық порталының сілтемесін ұсынды. Бұл ресурста Қазақстанда қауіпсіз болуға қажетті барлық ақпарат берілген.

Шетелдік студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру ісіне университет ұстаздары да атсалысуда. Полицейлер мен білім беру жүйесі өкілдерінің бірлескен жұмысы "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын кешенді іске асыруға, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру