Петропавлда полицейлер учаскелік пунктте жанжал шығарған тұрғынды жауапқа тартты
Петропавл қаласының 44 жастағы тұрғыны бірқатар құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйел бірнеше рет мас күйінде болған жанжал үшін полицияға жүгінген. Полицейлер қала тұрғынына қатысты өтініш берушімен қарым-қатынас жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасын шығарды. Алайда ол заңның талабын елемей, оған мезгіл-мезгіл жасырын нөмірден қоңырау шалып, бір күні кешке аулада жанжал тудырған.
Бірнеше күннен кейін ол мас күйде Volkswagen көлігін басқару барысында тоқтатылды. Сол күні полицейлер оны қорғау нұсқамасын бұзу фактісі бойынша әкімшілік материал жинау үшін учаскелік пунктке шақырды. Бұл жерде ер адам өзін дөрекі ұстап, қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбай, жанжал шығарды.
Нәтижесінде полицейлер сотқа әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша қорғау нұсқамасын бұзғаны, қызметкерлерге бағынбағаны және мас күйінде көлік басқарғаны үшін материалдарды тапсырды. Тәртіп бұзушылықтардың жиынтығы бойынша қала тұрғыны әкімшілік қамаудың шекті мерзімі 30 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ алдағы 7 жылда оған көлік құралдарын басқаруға тыйым салынды.
– Статистика бойынша әрбір оныншы қорғау нұсқамасы бұзылады, бұл жаңа әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Жыл басынан бері Петропавл бойынша 598 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның 59-ы бұзылды. Бұл заң талаптарын бұзу 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады. Жалпы қорғау нұсқамасы – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте айтарлықтай тиімді құралы, – дейді Петропавл қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлім бастығы Айдын Ахмағамбетов.