Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полицейлер үш айда 500 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіледі

Петропавлда полицейлер үш айда 500 литрден астам заңсыз алкоголь тәркіледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу – полицияның негізгі міндеттерінің бірі. Жыл басынан бері Петропавлда спирттік ішімдіктерді тұтыну салдарынан 30-дан астам қылмыс тіркелген. Осы көрсеткішті төмендету мақсатында қалалық полиция басқармасында арнайы кеңес өтті. Оған алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы бар кәсіпкерлер мен сауда орындарының әкімгерлері шақырылды.

Құқық қорғау қызметкерлері бизнес өкілдеріне алкоголь сату ережелері мен заң талаптарын еске салды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға немесе түнгі уақытта спирттік ішімдік сату – әкімшілік жазаға, айыппұлға, сондай-ақ лицензияның тоқтатылуына немесе мүлдем қайтарып алынуына әкеп соғады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі. Соңғы үш айда 20 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 567 литр спиртті ішімдіктер тәркіленген.

Полицейлер кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, беделін қауіпке тікпей, “Заң мен Тәртіп” қағидатына құрметпен қарауға үндеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру