Петропавлда полицейлер зейнеткерді алаяқтардың арбауынан құтқарып қалды
Петропавлда полицейлер зейнеткерді алаяқтардың арбауынан құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында полицейлер ірі интернет-алаяқтықтың жолын дер кезінде кесті. 68 жастағы зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, 2 миллион 100 мың теңгесін аударуға аз қалды. Одан бөлек, қаскөйлер оның депозитінде тағы 4 миллион теңге бар екенін де анықтаған. Алайда полиция қызметкерлерінің кәсіби әрекеті мен әйел адамның уақытылы шешімі арқасында барлық жинағы сақталып қалды.
Әйел адамның телефонына алдымен өзін медбике деп таныстырған, кейін "электрондық үкімет" пен тіпті "полиция департаментінің қызметкерімін" деген тұлғалар қоңырау шалған. Барлығы WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, ресми рәміздерді аватар ретінде қолданған. Олар әйелден құпияны сақтап, үлкен мәселелерден сақтану үшін қаражатты "қауіпсіз шотқа" шұғыл аударуды сұраған. Сеніп қалған зейнеткер жақын маңдағы сауда орталығындағы банкоматқа барған.
Абырой болғанда, оны сол жерде кезекшілікте жүрген полицейлер байқап қалған. Олар әйелдің абыржып тұрғанын көріп, асығыс шешім қабылдамауға көндіріп, жағдайды жедел анықтаған. Алаяқтық белгілері расталып, киберқылмыскерлердің торынан аман алып қалды.
Бұл - жалғыз жағдай емес. Бұған дейін дәл осындай 5 дерек қаладағы әртүрлі сауда орталықтарында полиция мен жекеменшік күзеттің қырағылығының арқасында тоқтатылды. Барлық факті бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Полиция тұрғындарға үндеу жолдайды: зейнет жасындағы туыстарыңызбен, көршілеріңізбен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Ешбір жағдайда бейтаныс адамның нұсқауымен ақша аударуға немесе несие рәсімдеуге болмайды. Ең басты ереже - күмәнді абоненттермен ұзақ сөйлеспеу, хат-хабар жазбау. Күдікті жағдай туындаса, бірден әңгімені үзіп, "102" нөміріне хабарласқан жөн.
Айта кетейік, 4-7 тамыз аралығында облыс аумағында "Контрафакт" жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты - интернет желісінде заңсыз таратылып жатқан лицензиясыз өнімдерге тосқауыл қою. Бұл жұмыс - киберқылмысқа қарсы күрестің жалпы стратегиясының бір бөлігі.