Петропавлда полицейлер зорлық-зомбылыққа қарсы акция шеңберінде азаматтарды қабылдады
Петропавлда полицейлер зорлық-зомбылыққа қарсы акция шеңберінде азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған акция шеңберінде тәртіп сақшылары мен мүдделі органдардың өкілдері Петропавлдағы жаңа шағын ауданда ашылған учаскелік полиция пунктінде азаматтарды қабылдады.
Бірлік шағын ауданы биылғы көктемде бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтар үшін салынды. Бүгінде онда 2 жарым мыңға жуық адам тұрады. Оларға жаңа №14 учаскелік полиция пункті қызмет көрсетеді.
Прокуратура өкілдерімен, адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, СҚО әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесіп, полиция қызметкерлері «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» акциясы аясында азаматтарды қабылдады.
– Қыркүйек айының ортасында №14 учаскелік полиция пункті ашылған сәттен бастап шағын ауданда отбасылық жанжалдар бойынша 15 материал тіркелді. Азаматтарды қабылдау барысында адамдарға заңнамадағы өзгерістер, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту туралы айтылды. Тәртіп сақшылары ақпараттық брошюралар таратып, отбасылық тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың барлық фактілері туралы полицияға хабарлау қажет екенін еске салды, – деп мәлімдеді іс-шараны ұйымдастырушы Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы Әсем Ілиясова.
Жергілікті тұрғындар негізгі тақырыпқа ғана қатысты емес, абаттандыру бойынша да сұрақтарын қойды. Келіп түскен барлық сұрақтарға толық жауаптар берілді.