Петропавлда полицейлердің ерлікке толы қызметі бейнеленген фотокөрме ұйымдастырылды
Петропавлда полицейлердің ерлікке толы қызметі бейнеленген фотокөрме ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Республика күні қарсаңында петропавлдықтар үшін полиция қызметкерлері ерекше сый әзірледі. "Dostyq Mall" сауда және ойын-сауық орталығының фойесінде "Заң мен тәртіп" атты фотокөрме ашылды.

Экспозицияға соңғы жылдардағы тәртіп сақшыларының жанкешті еңбегін бейнелейтін 25 туынды қойылған. Көрмеден интернет-алаяқтарды ұстау сәттері, саптық байқаулар, пандемия кезінде блок-бекеттерде өткізілген ұйқысыз түндер мен балаларды құтқару операциялары көрініс тапқан.
Ерекше назар 2024 жылғы рекордтық су тасқыны кезінде полицейлердің қажырлы еңбегіне аударылған. Онда адамдар мен үй жануарларын эвакуациялау, тәулік бойы қайықтармен және аттармен патрульдеу, төтенше жағдай аймағында полиция басшылығының тікелей жұмысы бейнеленген.
Көрмедегі ең әсерлі туындылардың бірі – 2021 жылдың ақпанында Есіл ауданында түсірілген фотокадр. Сол кезде боранда 17 және 7 жастағы екі ағайынды бала адасып кеткен болатын. Бірнеше сағат бойы олардың өміріне қауіп төнді. Үлкені інісін тоңдырмас үшін киіміне орап, қолына алып жүрген. Балаларды іздеуге 70-тен астам адам – полицейлер, құтқарушылар және ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Алғашқылардың бірі болып балаларды полиция қызметкері мен жергілікті тұрғын тапқан. Суретте баласын құшақтаған ананың қуанышы мен құтқарушылардың шаршаған, бірақ бақытты жүздері бейнеленген.
Көрмені тамашалауға келгендердің бірі – Петропавл қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Бекжан Сәрсенбеков.
Ол екі фотосуретте бейнеленген. Полицей балаларға жол қауіпсіздігі бойынша жиі дәріс өткізіп тұрады. Көрмеге ол кезекті шақырудан кейін бірден келгенін айтты. Балалар қатысатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу – тәртіп сақшыларының басты бағыттарының бірі.
Полиция – бұл тек форма мен техника ғана емес. Бұл – азаматтардың тыныштығын күзетіп, кез келген қиын сәтте көмекке келуге дайын жандардың ортақ бейнесі. Көрмеде ұсынылған фотохроника келушілерге полиция қызметінің адамдық және рухани қырын терең сезінуге мүмкіндік берді.
