Петропавлда полиция мектеп оқушыларымен кездесті
Петропавлда облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен кездесіп, өмірді, мүлікті және жеке қадір-қасиетті қорғау жолдары жөнінде нақты кеңес берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасарлары Марат Жұмалиев пен Қайрат Қасымбеков "Дарын" мектеп-лицейі мен №9 мектептің 7-11-сынып оқушыларымен жүздесті.
Қазіргі заманда интернетті қауіпсіз пайдалану ерекше маңызды. Интернет — пайдалы құрал, бірақ оны әрдайым сақтықпен қолдану керек. Жеке деректер — қауіпсіздіктің кепілі, фотосуреттер — адамның беделіне әсер етеді, ал хат алмасу — желіде мәңгі сақталуы мүмкін цифрлық із.

Интернетте ойланбай жарияланған кез келген сөз, фото немесе бейнематериалды қаскөйлер алдау не бопсалау мақсатында қолдануы ықтимал. Сондықтан желіде әр ақпаратты бөліспес бұрын жақсылап ойланып, жеке мәліметтерді қорғауға мұқият болу қажет.
Полиция қызметкерлері "жеңіл табыс" туралы ұсыныстарға сенбеу керектігін атап өтті, өйткені мұндай ұсыныстар есірткі таратушылардан немесе интернет-алаяқтардан түсуі мүмкін. Сондай-ақ буллингті әзіл ретінде қабылдамау, жолдан өтерде құлаққапты шешіп, телефонды пайдаланбау қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында түрлі алдын алу тақырыптары қамтылды. Профилактикалық жұмысқа полицияның барлық қызметімен қатар, басшылық құрамдағы аға офицерлер де қатысуда.
