Петропавлда полиция қызметкері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобындағы жұмысы туралы айтып берді
Петропавлда полиция қызметкері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобындағы жұмысы туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тура 25 жыл бұрын Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігі құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі жаңа қызмет – бөлімшелері пайда бола бастады.
Петропавл қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы Әсем Ілиясова өз жұмысы туралы айтып берді.
– Мен үшін Мемлекет басшысының және Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында тұрған осы күрделі бағыттармен айналысу мәртебе. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобында екі жылдан бері қызмет етіп келемін. Осы уақыт ішінде мен 13 әйелге үйдегі күш көрсетушіден құтылуға көмектестім.
Өз қызметімнің құзыреті шегінде көмек көрсеткен әйелдермен байланысты үзбеуге тырысамын. Кейін олардың аяққа нық тұрғандарын көріп, қуанамын. Оқиғаның бірі Петропавл қаласының тұрғынын туған ағасы соққы астына алып отырумен байланысты болған. Ең сорақысы бұл үйдегі зорлық-зомбылықты анасының мақұлдауымен болып келген екен. Ақыр соңында әйел өткен жылдың соңында дене жарақатымен медициналық мекемеге жүгінді. Дәрігерлер оқиға туралы полицияға хабарлады.
Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына баспана бердік. Қаңтар айының соңында ол маған хабарласып, басқа қалада екенін, жұмысқа орналасқанын, өзінде бәрі жақсы екенін айтты. Осының бәрі біздің жұмысымыздан құрылатын берік заңнамалық базаның және Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан гендерлік саясатты іске асыру шеңберінде қоғамдық институттармен жолға қойылған өзара іс-қимылдың арқасында мүмкін болады, – деді ол.
Мәселенің өзектілігі сақталуда. Бүгінде Петропавл полициясында үй ішіндегі зорлық-зомбылыққа бейім 200-ге жуық адам есепте тұр. Полицейлер абьюзерлер құрбандарымен жұмыс істейді, ақпараттық жұмыс жүргізеді, оның мақсаты – әйелдерді олардың проблемаларын жасырмай, шешуге дайын екендіктеріне сендіру.