Петропавлда полиция қызметкерлері рейд жүргізіп жатыр
Петропавлда СҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманғали Ысмағұловтың бастамасымен барлық 13 учаскелік полиция пунктіне қарайтын аумақта рейдтік іс-шаралар басталды. 22 шілде мен 8 тамыз аралығында полицейлер есепте тұрған тұлғаларды тексеріп, қаланың барлық ауданын қамтуды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақсаттары мен міндеттері – құқық бұзушылықтардың алдын алу, мас күйде жасалатын қылмыстарды болдырмау, бұдан бөлек, бұрын сотталған адамдар да сақшылардың бақылауында болады.
Аталмыш жұмыстарға облыстық және қалалық полиция қызметкерлері: учаскелік инспекторлар, ювеналдық полицейлер, жедел уәкілдер, криминалистер және басқалары қатысып жатыр. Полицияның ерікті көмекшілері де жұмылдырылған. Барлығы 100-ге жуық полиция мен еріктілер тартылды.
Полицейлердің жұмысы қала орталығына қызмет көрсететін № 1 учаскелік полиция пунктінің аумағында басталды. Құрманғали Ысмағұлов жеке құрамға құқық бұзушылықтардың алдын алуды, заңнаманы түсіндіруді, алаяқтық фактілерінің алдын алу бойынша кешенді жұмыстарды жүргізуді тапсырды.
– Жүргізілген талдау көрсеткендей, қылмыстардың басым бөлігі облыс орталығында жасалады; бұл – барлық қылмыстың 80%-ы. Осыған байланысты мен Петропавлда үш апта бойы профилактикалық іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылдадым. Жедел-профилактикалық іс-шаралар кей уақытта нәтижелі болмағандықтан, осындай жұмыстарды бүкіл қала бойынша, яғни әрбір учаскелік полиция пункті бойынша жүргізу туралы шешім қабылданды, – деп нақтылады Құрманғали Ысмағұлов.
Рейдке қатысқандарға тұрғындарға eGov.mobile қосымшасындағы «банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін қосу алгоритмін жіті түсіндіру, полиция пунктінің байланыс телефондары көрсетілген визиткаларды және интернет-алаяқтыққа қарсы жадынамаларды тарату тапсырылды.
Рейд шеңберінде есепте тұрған 105 тұлға тұрғылықты жері бойынша тексерілді; оның 15-і – маскүнемдікке шалдыққандар, 10-ы бұрын сотталғандар және үшеуі қолайсыз отбасыға жатады. 50-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Олардың ішіндегі ең көбі — абаттандыру қағидаларын бұзу және тіркеусіз немесе құжаттарсыз тұру ережелерін бұзу. Горький көшесіндегі тиісті тіркеуі жоқ дүкенде алкоголь өнімін заңсыз сақтау фактісі анықталды. 99 литр алкоголь өнімі тәркіленді. Әкімшілік материал жиналды.