Петропавлда полиция сыныбының тәрбиелік іс-шарасы ұйымдастырылды
Петропавл қаласындағы №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде "Жас сақшы" сыныбының салтанатты іс-шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқушылар "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын өз түсініктері арқылы шығармашылықпен жеткізіп, мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды.
Мектеп әкімшілігінің шақыруымен өткен шараға полиция сыныбының қамқоршылары – Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті аппаратының басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Сахнада түрлі сынып оқушылары өнер көрсетті. Ал бағдарламаның шарықтау шегі "Жас сақшы" сыныбы дайындаған қойылым болды. Жарқын концерттік нөмірлер арқылы оқушылар патриотизмге, көпұлтты Қазақстанның бірлігіне және заңның үстемдігіне адалдықтарын айқын көрсетті.
-Туды өз өмірімізден жоғары қоямыз. Ар-намыс үшін бәрін де аямаймыз, – деген жолдар болашақ полицейлердің рухы мен ұстанымын айғақтай түсті.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында полицейлік бағыттағы төрт сынып жұмыс істейді. Бұл сыныптардың оқушылары дене шынықтыру даярлығынан өтіп, заңнама негіздерімен танысады, сондай-ақ қызметтегі полиция қызметкерлерінің жетекшілігімен құқық қорғау қызметінің қыр-сырын меңгереді.
Мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін қалыптастырып, болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге берік негіз қалайды.
