Петропавлда проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі іске қосылды
Петропавлда проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі іске қосылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының қарсаңында “Дорсигнал” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Петропавл қаласына сый жасап, Жамбыл мен Крылов көшелерінің қиылысында проекциялық жаяу жүргіншілер өткелін орнатты.
Өтпе жолдың орны әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп анықталды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Жамбыл көшесі – қаладағы ең қарбалас бағыттардың бірі. Мұнда екі мектеп, Оқушылар сарайы, емхана және көпқабатты үйлер орналасқандықтан, жаяу жүргіншілер қозғалысы айтарлықтай көп. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі бұл аумақта ерекше маңызды.
Жаңа жабдық проекциялық сәуле арқылы жолақтардың бейнесін жол бетіне түсіріп, қараңғы уақытта, қолайсыз ауа райында және қар басқан кезде де жолақтарды айқынырақ көрсетеді. Сонымен қатар құрылғы жаяу жүргіншілерді қосымша жарықтандырып, олардың көрінуін жақсартады.
Жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде полицейлер білім беру ұйымдарының маңындағы көше-жол желісін тексеріп, ауқымды жұмыс атқарды. Берілген нұсқамаларға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жасанды кедергілерді қалпына келтіріп, жол белгілерін орнатып, жолақтарды жаңартты.
Биылғы 7 айда Солтүстік Қазақстан облысында 308 түрлі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 85-і жаяу жүргіншілерді қағу деректері. Соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 83 адам жарақат алған. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға, мұқият болуға және “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын жүзеге асыру әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін есте ұстауға шақырады.