Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда қоян-қолтық ұрыстан ҰҰ академиясының чемпионаты өтті

23-25 шілде аралығында Петропавлдағы “Жеңіс” олимпиадалық резервінің мамандандырылған спорт мектебінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, капитан Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жарысқа “Оңтүстік”, “Орталық”, “Шығыс”, “Батыс” өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан академиясының және 6654, 5573 әскери бөлімдерінің құрама командаларынан 100-ден астам спортшы қатысты. Турнир олимпиадалық жүйе бойынша жеті салмақ дәрежесінде өтті.

Үш күн бойы көрермендер жарқын жекпе-жектерді тамашалады. Онда әр спортшы жоғары дайындық деңгейін, жеңіске деген ерік-жігерін және шеберлігін көрсетті. Төрешілер қатысушылардың жоғары тәртібін және жекпе-жектердің тартысты болғанын атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар анықталды:

– 57 келіге дейін: Ізгілік Марданов (“Батыс” өңірлік қолбасшылығы 6655 әскери бөлімі);

– 62 келіге дейін: Жандос Өтеғұлов (“Батыс” өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімі);

– 67 келіге дейін: қатардағы жауынгер Руслан Қазыбай (“Батыс” өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімі);

– 73 келіге дейін: Дархан Дәулетов (“Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімі):

– 80 келіге дейін: қатардағы жауынгер Олжас Абдувалиев (5573 әскери бөлімі);

– 88 келіге дейін: қатардағы жауынгер Али Нәсіпқали (“Батыс”өңірлік қолбасшылығы 6655 әскери бөлімі)

– 97 келіге дейін: Эйнар Баталов (“Оңтүстік”өңірлік қолбасшылығы 3660 әскери бөлімі).

Әйелдер арасындағы қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұлан чемпионатының жеке есебінде жеңімпаз атанды:

– 52 келіге дейін: қатардағы жауынгер Анель Стамбекова (5573 әскери бөлімі);

– 62 келіге дейін: Таңшолпан Әбдікәрім (“Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы 6506 әскери бөлімі);

– 70 келіден жоғары: Әміре Шолпан (“Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы 5512 әскери бөлімі).

Жалпы командалық есепте “Орталық” өңірлік қолбасшылығы 3-орын, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы 2-орын, ал “Батыс” өңірлік қолбасшылығының құрамасы 1-орынды иеленді.

– Бүгін біз нағыз жекпе-жек пен бәсекелестікті көрдік. Күш, ерік, ептілік және төзімділік – бұл жауынгерлік қасиеттер спортшыларға жеңіске жетуге және тұғырға көтерілуге көмектесті. Барлық спортшыға, сондай-ақ төрешілерге жоғары ұйымшылдық, адал күрес және белсенділік үшін зор алғысымды білдіремін, – деп атап өтті Ұлттық ұланның кадрлар және әскери білім басқармасының бастығы Нұрбол Міртаев.

Марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың атынан медальдар, кубоктар және естелік сыйлықтар табысталды. Өз шәкірттерін жарысқа дайындаған жаттықтырушылар мен командирлердің қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы даңқты спорттық дәстүрлерді жалғастыруда. Академия курсанттары мен офицерлері көптеген жылдан бері Қазақстан Республикасының чемпионаттарында және халықаралық жарыстарда көшбасшы орынға ие болып келеді. Олардың жетістіктері – жоғары деңгейдегі дайындық пен кәсібиліктің айқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру