Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда қырағы тұрғын тапанша тауып алып, полицияға хабарлады

Петропавл қаласында полиция қызметкерлері тұрғын тауып алған, травматикалық тапаншаға ұқсас затты тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.

35 жастағы қала тұрғыны велосипедпен Жұмысшы кентіндегі айналма жолдың бойымен келе жатып, жол жиегінде жатқан күмәнді затты байқап қалған. Ол бірден Қазақстан Конституциясы көшесіне шығып, кезекшілік атқарып жүрген тәртіп сақшыларына бұл жөнінде хабар берген.

Полиция қызметкерлері дереу жедел-тергеу тобын шақырып, арнайы топ қауіпті затты оқиға орнынан тәркілеп, сараптамаға жіберді.

Сараптама қорытындысы бойынша, бұл зауыттық нөмірлері өшірілген, атысқа жарамды "Оса" травматикалық тапаншасы екені анықталды. Барлық қажетті тексеру шаралары аяқталған соң, қару жоюға жіберіледі.

Құқық қорғау органдары азаматтың әрекетін жоғары бағалады. Полиция өкілдері тұрғындарға қаруға немесе оған ұқсас күмәнді заттарға тап болған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауды ескертеді. Себебі атыс қаруын заңсыз сатып алу, сақтау немесе тасымалдау – қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заңсыз айналымнан 109 тіркелмеген қару түрін тәркілеген. Олардың иелері заң алдында жауап берді. Сонымен қатар 22 адам өз еркімен заңсыз сақталған қаруды тапсырған. Бұл — тек жауапкершіліктен босататын қадам ғана емес, сонымен қатар қоғамда "Заң және тәртіп қағидатын нығайтуға бағытталған игі іс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру