Петропавлда «SOS» батырмасы мен бейнекамералар арқылы тонау қылмысы ашылды
Петропавлда «SOS» батырмасы мен бейнекамералар тонау қылмысын «ізін суытпай» ашуға септігін тигізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала дүкендерінің бірінде өткен жылдың желтоқсан айында жасалған тонау бір сағаттың ішінде ашылды. Сатушы супермаркеттің жанында орнатылған «SOS» батырмасын пайдаланған. Күн ортасына таман белгісіз қылмыскер Н. Назарбаев көшесі бойындағы «Северный» супермаркетіндегі бутиктердің бірінен 3 күміс алқаны жымқырмақ болған. Сатушы оны байқап қалған, ұры қолды қылған заттарды алып «ізін суытқан». Сатушы қуып жете алмаған соң, жақын маңда орнатылған «SOS» батырмасын пайдаланған.
Сигнал шұғыл жедел кезекшімен тексерілген. Бейнебақылау инспекторы қылмыскерді тіркеген. Жедел уәкілдер оның бұрын сотты болған 50 жастағы қала тұрғыны екендігін анықтады.
– Заманауи техникалық байланыс құралы мен бейнебақылау жүйесі полиция қызметкерлері жұмысының жеделдігін арттырады. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін бір сағат ішінде ұсталды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Ұрланған заттар алынды, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – дейді Петропавл қаласы ПБ Бірінші полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Ташев.