Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда сотталғандардың туындыларымен көрме-байқау ұйымдастырылды

Петропавлда сотталғандардың туындыларымен көрме-байқау ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Республика күні қарсаңында және "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында Петропавл қаласындағы "Ботай" арт-галереясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде жазасын өтеушілердің қолынан шыққан туындылар көрме-байқауы өтті.

Әрбір ұсынылған жұмыс жай ғана бейне емес. Онда авторлардың жүрек түкпіріндегі сезімдері, елдің тағдыры мен болашағы жайлы толғаныстары, Отанға деген ыстық ықыласы бейнеленді.

Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген департамент бастығының орынбасары Қанат Сүлейменов пен СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Самат Төлюгенов шығармашылықтың түзеу мен әлеуметтену жолындағы маңыздылығын атап өтіп, мұндай бастамалардың сотталғандардың рухани дамуына ықпал ететінін жеткізді.

Қазылар алқасының құрамына өңірдің мәдениет, өнер және қоғам қайраткерлері енді: бейнелеу өнері музейінің бөлім меңгерушісі Вера Гончарова, "Дәстүрлі Самға" ансамблінің жетекшісі әрі кәсіпкер, қоғам белсендісі Анар Абдрахманова, өнер колледжі – дарынды балалар мектебінің оқытушысы Людмила Гадыч, СҚО Суретшілер одағының мүшесі Игорь Василенко және Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы СҚО филиалы төрайымының орынбасары, кәсіпкер, қоғам белсендісі Вильдана Қожахметова.

Бағалау 10 балдық жүйемен жүргізілді. Негізгі критерийлер: шығармашылық ой мен идея, көркемдік орындау, техниканың ерекшелігі және эмоционалды әсер. Әрбір мекеме өкілдері картиналарды таныстырып, олардың мазмұны мен мән-мағынасы туралы баяндады.

Талқылау нәтижесінде қазылар алқасы үш үздік жұмысты – І, ІІ және ІІІ орын иегерлерін анықтап, сонымен қатар бірнеше арнайы номинациялар берді. Үздік туындылар шеберлік қана емес, терең рухани мазмұнымен де жоғары бағаланды.

"Ботай" арт-галереясындағы бұл шара өнердің кез келген жағдайда адамды біріктіріп, шабыт беріп, жаңа көкжиектерді ашатынын дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру