Петропавлда Ұлттық ұлан Академиясының жас офицерлерінің 24-ші шығарылымы өтті
Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының жас лейтенанттарының 24-ші шығарылымы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Курсанттарға әскери оқу орнын бітіргені туралы дипломдарды салтанатты түрде табыстау рәсіміне Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы мен Академиясының генералдары мен офицерлері қатысты. Сондай-ақ іс-шарада өңірдегі өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері, ардагерлер, курсанттардың ата-аналары мен туыстары болды.
Биыл оқу орнын 190 курсант бітірді, оның ішінде жеті түлек бауырлас Тәжікстан Республикасының азаматтары.
Министр Ержан Саденов 27 жыл ішінде оқу орнының Ұлттық ұлан мен елдің басқа да күштік ведомстволары үшін бес мыңнан астам офицер даярлағанын, ал 2023 жылы «әскери оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша академияның магистратурасына алғашқы қабылдау жүргізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар ол оқу ордасының профессорлық-оқытушылық құрамына әрбір курсантқа кәсіби білім беріп, офицерге лайық дағдыларды меңгерткені үшін ризашылық білдірді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ұлттық ұлан академиясы еліміздің жетекші әскери оқу орындарының бірі екеніне тоқталды.
Іс-шара соңында түлектер академияның жауынгерлік туымен қоштасты. Қалыптасқан дәстүр бойынша жас офицерлер офицер вальсін биледі.