Петропавлда Ұлттық ұланның үздік кинологтары анықталды
Петропавл қаласында орналасқан 6637 әскери бөлімінде ҚР ІІМ Ұлттық ұлан кинологтарының арасында қызметтік иттермен көпсайыс бойынша жекелей және командалық біріншілік өтті. Жарысқа барлық өңірлік қолбасшылық пен құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери бөлімдерінен кинология қызметінің үздік мамандары мен олардың төрт аяқты серіктері жиналды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Біріншіліктің мақсаты – мықтыларды анықтау, қызметтік иттердің дайындығын тексеру, тәжірибе алмасу және жеке құрамның кәсіби деңгейін арттыру. Бір апта ішінде қатысушылар іздестіру қызметі, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау бойынша сынға түсті.
Жекелей біріншілік жеңімпаздары:
Ефрейтор Маулен Қайырбаев Айза атты қызметтік итімен (3514 әскери бөлімі, "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы) іздестіру қызметінде жеңімпаз атанды;
Сержант Болат Әлжанов Эльза атты итімен (5573 әскери бөлімі) жарылғыш заттарды табуда жеңімпаз болды;
Ефрейтор Рустам Исабеков Иллада атты қызметтік итімен (3660 әскери бөлімі, "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы) есірткі іздестіруде жеңімпаз деп танылды.
Командалық есепте "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының кинологтары топ жарды. Екінші орынды 5573 әскери бөлімінің өкілдері иеленді, үшінші орынға "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының командасы тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және медальдармен марапатталды.
Жарыстың соңғы кезеңі шартты құқық бұзушыны ұстау элементтері бар бағдарлама болды. Иттердің тапсырмаларды орындауы мен кинологтардың кәсіби әрекеттері көрермендердің ыстық ықыласына ие болып, іс-шараның жарқын қорытындысына айналды.
Өткен біріншілік кинологтар мен қызметтік иттердің жоғары дайындықта екенін көрсетті, сондай-ақ кәсіби дағдыларды жетілдіру мен бөлімшелерді даярлаудағы болашақ бағыттарды айқындады.