Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Петропавлда ұрлық жасаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тонау, ұрлық, бұзақылық сияқты қылмыстар көп жағдайда жедел басқару орталығының үйлесімді жұмысының арқасында дер кезінде ашылады. Бұл — тәулік бойы тоқтаусыз қызмет атқаратын заманауи әрі жоғары технологиялық бөлімше.

Орталықта азаматтардың полицияға жедел байланысу арналары шоғырланған: "102" желісі, "102" мобильді қосымшасы, сондай-ақ қаладағы халық көп жүретін жерлерге орнатылған "SOS" түймелері. Мұнда кезекші нарядтарға және жедел-тергеу топтарына бағыт-бағдар беріледі, олардың қозғалысы бақыланады. Бейнебақылау инспекторлары жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалап отырады.

Мәселен, санаулы минут ішінде Петропавл тұрғыны ұсталды. Ол алдымен велосипед ұрлады деген күдікке ілінсе, көп ұзамай "Алтын арман" базары маңында қала тұрғынын тонап, сөмкесі мен құлаққабын алып кеткен. Күдіктінің жүрген бағыты бейнекамералар арқылы анықталды.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында ЖБО бейнебақылауының көмегімен 227 қылмыс ашылып, шамамен 20 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Орталық қызметкерлері 98 мыңнан астам азаматтық өтініш қабылдады, оның 48 мыңы ақпаратты тіркеу кітабына енгізілді. Ал "102" омниканалды қосымшасы арқылы петропавлдықтардан 368 хабарлама келіп түсті, соның 258-і бойынша кінәлілер жауапкершілікке тартылды.

Заманауи технологияларды шоғырландыру полицияның қолжетімділігін арттырып, қылмыс пен құқық бұзушылық туралы сигналдарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді және "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асырудағы тиімділікті арттырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру