Петропавлда жаңа телефон сатып алмақ болған тұрғын алаяққа алданып қалды
Петропавлда жаңа телефон сатып алмақ болған тұрғын алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында полицейлер Петропавл тұрғындарын желідегі алаяқтар тарапынан болатын қауіп туралы ескерту үшін еріктілермен күш біріктірді. Тәртіп сақшылары, полицияның ерікті көмекшілері мен СҚО әкімдігі жанындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық тобының өкілдері қаланың сауда орталықтарында профилактикалық акция өткізді. Олар жадынама таратып, интернеттегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді.
– Бұл ескерту әсіресе жаңажылдық мереке қарсаңында адамдардың дені сыйлықтар мен кәдесыйларды, соның ішінде интернет арқылы іздеген уақытта аса өзекті. Мысалға, желтоқсанда хабарландыру бойынша iPhone сатып алмақ болған қалалық жас жігіт полицияға жүгінген. Алдын ала төлем аударылғаннан кейін «сатушы» байланысқа шығуды тоқтатқан. Барлығы 11 айда облыста 713 интернет-алаяқтық тіркелді, оның ішінде 313-і белгілі сайттардардағы хабарландырулар мен әлеуметтік желілерде тауарларды сатып алу, сатумен байланысты, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Хабарландыру авторларына да қауіп төнеді. Алаяқтар сатып алушы кейпінде хабарласып, «жеткізу қызметін» ұсынуы мүмкін. Көрсетілген сілтемеге өте отырып, сатушылар алаяқтардың оларға несие ресімдеуіне мүмкіндік туғызатын деректерді енгізіп өтінім толтырады.
Сондай-ақ полицейлер: мереке күндері қарсаңында алаяқтар Жаңа жыл мерекесіне орайластырылған акциялар туралы ақпаратты алға тартып белсенділік танытуы мүмкін екендігін ескертеді. Сілтемеге өте отыра, желі қолданушылары кибер қылмыстың құрбанына айналуы мүмкін. Акциялар туралы кез келген ақпаратты ресми ресурстардан тексерген жөн.
Таралуы жағынан кейінгісі – «банктен қоңырау шалу». Осындай 263 факті тіркелген. Полицейлер: банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қандай да бір қаржы операциясын жасау немесе банк шоттары туралы құпия деректермен бөлісу туралы телефон арқылы талап етпейтінін еске салады. Мұндай қоңырау түссе, кешіктірмей сөйлесуді тоқтатқан дұрыс.