Петропавлда жігітке шабуыл жасаған екеу 10 минутта ұсталды
Күш қолданып, көшеде жігіттің ұялы телефонын тартып алған екеу 10 минутта «ізі суымай» ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда 15 сәуірге қараған түні «102» арнасына жүгінген қала тұрғыны ұрылардың құрбанына айналғаны жайлы айтқан. Оның айтуынша, бауыры екеуі үйіне келе жатқан.
Қазақстан Конституциясы көшесінің маңында белгісіз екі адам күш қолданып, оның қолындағы «Samsung S8» маркалы ұялы телефонын тартып алған. Келтірілген шығын 60 мың теңгені құрады. Шабуыл жасағандардың сөзбен суреттелген кескіні полицияның барлық сыртқы қызметтеріне жолданды. Құрамында Петропавл қ. ПБ ППБ қызметкерлері Диас Жаров пен Талғат Іңкәров, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы Ринат Омаров бір экипаждың құрамында болған. Бағдарды қабылдағаннан кейін, тәртіп сақшылары оқиға орын алған жерге жақын маңда жүргендерін түсінген.
Тонау жасаған екеу аулалар мен көшелердің арасы арқылы қашып кету қаупі жоғары болатын. Полицейлер Гоголь көшесін басты назарға алды. Ішкі түйсік алдамады, көп ұзамай сипаттау бойынша ұқсас екі адамды байқады. Олар полицейлердің тоқтатуын шабуылмен байланысты екендігін бірден түсінбеді. Қылмыс жасалған сәттен бастап 10 минутқа жуық уақыт өткен. Ұсталғандар – бұрын сотталған 29 бен 24 жастағы қала тұрғындары болып шықты. Ұрланған телефон олардың біреуінен алынды.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-б. (Тонау) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілміне енгізілді. 1995 жылы туған негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, — деп хабарлайды Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов. — Ұялы телефондар ұрылар мен тонаушыларды аса қызықтыратын «олжа» болып қала беретіндігін естен шығармауды сұраймыз. Гаджеттерді ашық көрсетіп жүріп қаскөйлердің назарын аудартпаған жөн. Егер қылмыскерлердің құрбанына айналсаңыз, мүмкіндігінше бірден полицияға жүгініңіз. Тәжірибе көрсеткендей, уақтылы полицияға жүгіну, қылмыстарды «ізін суытпай» ашуды айтарлықтай арттыра түседі.