Петропавлда жол-көлік оқиғасы нәтижесінде тоқтап тұрған көліктерге зақым келтірілді
Петропавлда 29 шілде күні жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде екі жолаушы зардап шекті және тоқтап тұрған көліктерге зақым келтірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сағат 21 шамасында Жамбыл Жабаев пен Партизанский көшелерінің қиылысында ВАЗ-21099 автокөлігінің жүргізушісі қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Nissan Qashqai» көлігімен соқтығысудан сақтанбақ болған кезде рөлге ие бола алмай, тротуарға шығып кетіп, тоқтап тұрған шетелдік көліктерге соғылған. ЖКО нәтижесінде дене жарақаттарымен ВАЗ автокөлігінің екі жолаушысы ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алғаннан кейін үйлеріне жіберілді. Үйге қарама-қарсы тоқтап тұрған «Toyota Land Cruiser» мен «Hyundai» көліктеріне механикалық зақым келтірілген. Сондай-ақ «ВАЗ» автокөлігі де зақымданып, нәтижесінде тротуарға салқындатқыш сұйықтық төгілген.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК «Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы» 610-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу басталып, процестік шешім қабылдау үшін Петропавл қ. мамандандырылған әкімшілік сотына тапсырылады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес екі жүргізуші де сау болған.
Дәл сол қиылыста шамамен кешкі сағат 22-де «Audi» автокөлігінің жүргізушісі бір бағытта келе жатқан Mitsubishi Galant көлігімен соғылған. Айта кетейік, Жамбыл Жабаев-Партизанский көшелерінің қиылысындағы апаттылық жағдайын ескере отыра, маусым айында жылдамдық режимін асыру және бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету сияқты құқық бұзушылықтарды тіркейтін «Мираж» автоматтандырылған жүйесі орнатылған болатын. Бір айдың ішінде аталған учаскеде жылдамдықты асырудың 60-дан аса фактісі тіркелді.
– Бүгінгі таңда Петропавлда жеті қиылыста автоматтандырылған жүйе орнатылды. Негізгі мақсаты – апаттылықтың төмендеуіне ықпал ететін жүргізуші тәртібін арттыру. Жыл басынан облыста 98 жол-көлік оқиғасы орын алды, салдарынан 13 адам көз жұмып, 129-і жарақат алды, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.