Петропавлда жолда қауіпті маневр жасаған жүргізуші 15 тәулікке қамалды
Петропавлда полицейлер әуежай маңында көлікті қауіпті түрде жүргізген BMW жүргізушісін жедел анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерде автокөліктің жол бөлігінде дөңгелегін айналдырып, қауіпті маневрлер жасағаны түсірілген бейнежазба тараған. Полицейлер жүргізушіні жедел анықтап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Ол – Петропавл қаласының 21 жастағы тұрғыны Богдан Пчелинцев.
Маневр жасау ережелерін бұзу, жолдарды бүлдіру және ұсақ бұзақылық фактілері бойынша полиция қызметкерлері материалдар жинап, сотқа жолдады.
2 қазанда сот ер адамға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
СҚО ПД мұндай құқық бұзушылықтар, сондай-ақ түнгі уақытта қозғалтқыштардың қатты дыбысын шығару үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады. "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ.
