Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 353 дерегі тіркелді

Петропавлда жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 353 дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллиннің бастамасымен қалалық полицейлер кезекті кең ауқымды түсіндіру жұмысын ұйымдастырды. Учаскелік полиция инспекторлары мен криминалдық полиция қызметкерлері сауда орындарында, көшелерде интернеттегі айлакерлердің кең таралған схемалары туралы айтты.

Мәселен, қашықтықтан отырып басқаруға болатын қосымшаларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыстар саны артты. Қаскөйлер өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, адамдардың шоттарына әлдебіреулер шабуыл жасағалы жатқанын айтып сендіреді. Бұдан қорғану үшін телефонға «AnyDesk», «RustDesk», «TeamViewer» немесе басқаша аталатын қосымшаларды орнату қажет екенін айтады. Нәтижесінде адамдар осы қосымшаларды орната салысымен құрылғыларын басқарудан қалады. Бұл уақытта алаяқтар шоттарға кіріп, ақшалар қаражатты өздеріне аударып үлгереді не болмаса несиелер ресімдейді. Полицейлер бейтаныс қосымшаларды орнатпауға кеңес береді.

– Сондай-ақ әлдебіреулердің қысым көрсетуімен несиелер ресімдеу, қауіпсіз шоттарға ақша аудару сияқты ешқандай қаржылық операциялар жасамаған жөн. Жеке басыңызға қатысты ақпаратты: парольдерді, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге айтпаған жөн. Қылмыскерлер қарт адамдарға полиция қызметкерлерінің атынан хабарласып, жақындары мен туыстары жол-көлік оқиғасына кінәлі екенін айтады. Жауапкершілікке тартпау үшін ірі көлемдегі ақша талап етуі мүмкін. Бұндай жағдайда бірден тұтқаны қоя салған жөн. Полицияға хабарласып жол-көлік оқиғасының болған-болмағанына көз жеткізу қажет. Шынайы ақпаратты тек ресми тұлғалардан, ұйымдардан сұрап-білуді әдетке айналдырыңыздар, – дейді Әлібек Ғабдуллин.

Полиция қызметкерлерімен тілдескен адамдардың көпшілігі алаяқтармен сөйлескенін және олардың қулықтарына сенбегенін айтты. Десе де, проблема тыйылатын емес. Жыл басынан облыс орталығында 353 интернет-алаяқтық тіркеліп отыр. Тұрғындардың осы қылмыс түрінен хабардар болуы алаяқтардан қорғануға көмектеседі. Полицейлердің осындай түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру