Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда жыл басынан бері тыныштықты бұзудың 2 265 фактісі тіркелді

Петропавлда жыл басынан бері тыныштықты бұзудың 2 265 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz. Көңілді отырыстар, отбасылық жанжалдар, жөндеу жұмыстары – осының барлығы түнгі уақытта орын алса, бұл үшін ҚР ӘҚБтК 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Аталған бапқа сәйкес, жұмыс күндері 22:00-ден таңғы сағат 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері – сағат 23:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін шулауға тыйым салынады.

Өткен сенбі және жексенбі күндері Петропавл полицейлері тыныштықты бұзу фактілері бойынша шақыртуға 20 рет шықты. Шақыртулардың басым бөлігінде көршілеріне шағымданған. Екі жағдайда Интернациональная көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің тұрғындары түнгі уақытта музыканы қатты тыңдап, көршілерінің демалуына кедергі келтірген.

Қала тұрғыны бұрын бірге тұрған ер азаматына шағымданып, полиция шақыртқан. Ол масаң күйінде есік қағып, оның және басқа да тұрғындардың мазасын алған. Бұл ер адамның масаң күйдегі алғашқы әрекеті емес екендігі анықталды. Қайта құқық бұзушылық жасағаны үшін оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ ер азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

– Осындай шақыртулар әдетте демалыс күндері жиілейді. Петропавлда жыл басынан түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 2 265 адам жауапкершілікке тартылды. Азаматтардың учаскелік полиция инспекторларына немесе 102 нөміріне жүгінуге болатындарын еске саламыз, – дейді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру