Петропавлдықтар демалыс күндері отбасылық той өткізген
Петропавлдағы «Эмират» және «Созвездие» мейрамханаларында той өткізілген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Екеуіне 100-ден астам адам жиналған, бұл карантиндік шектеу шараларын бұзу болып табылады. Қазіргі уақытта облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Жарлығымен адамдар көп жиналатын кез-келген салтанатты іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Заң бұзушылық фактілері жөнінде учаскелік полиция инспекторлары ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша материалдар жинақтап, мекеме иелері мен тапсырыс берушілерге қатысты әкімшілік шаралар қолдану үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне тапсырды.
– Іс-шараны ұйымдастырушылар айыппұл төлеуді ғана емес, жауапкершілікті де түсінулері тиіс. Біз іс-шараларды тоқтатуға міндеттіміз, сондықтан ақшадан басқа көп нәрсені жоғалту қаупін түсінулері тиіс. Ең бастысы, сол жерде жұмыс істейтін құрамға және тойға келген қонақтардың денсаулығына толығымен жауап беру қажет, – деп атап өтті Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Сондай-ақ, демалыс күндері Петропавлда түнгі сағат 12-ден кейін екі сауна жұмыс істеген, бұл да бұзушылық болып табылады. Барлығы Солтүстік Қазақстан облысында қыркүйек айында 99 карантиндік бұзушылық анықталды.