Петропавлдықтардың қырағылығы арқасында жоғалған әйел жылдам іздеп табылды
Петропавлдықтардың қырағылығы арқасында жоғалған әйел жылдам іздеп табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 ақпан күні Петропавл полициясына Мәскеу облысынан қоңырау келіп түсті. Ресей Федерациясынан хабарласқан алаңдаулы әйел аудан орталығы Тайыншада тұратын 67 жастағы анасының жоғалғаны туралы хабарлаған. Сөзіне қарағанда, есінен адасуы мүмкін егде жастағы әйел 3-ші қалалық ауруханадан кетіп қалған, бұл жөнінде оған дәрігерлер жеткізген.
Петропавл полициясының жеке құрамы және қоса берілген күштер іздеуге кіріскен. Із-түзсіз жоғалған әйел түн жарымнан кейін табылды, қала тұрғындары полицияға сауда орталықтарының маңында жүрген әйел туралы хабарлаған екен. Қазіргі уақытта зейнеткер Әлеуметтік бейімдеу орталығында.
– Қала тұрғындарының бейжай қарамауы із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеп табуда септігін тигізуде, бұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Адамдардың із-түзсіз жоғалуының әрбір фактісіне полиция күштері шұғыл ден қояды. Іздеу жұмысына криминалдық полиция қызметкерлері, халықпен қарым-қатынас жасайтын сыртқы қызметтер тартылады. Еріктілер де тартылуда, олар әлеуметтік желілерде бағдарды орналастырады және іздеу іс-шараларына көмек көрсетуге әрдайым дайын. Кәмелетке толмағандар жоғалған жағдайда еріктілер жүз пайыз қатысады, – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Айта кететіні, бір тәулікте балалардың жоғалуы туралы екі факті тіркелген. Жалпы жыл басынан СҚО-да із-түзсіз жоғалғандар туралы 22 арыз тіркелді. Барлықтары табылды, олардың 18-і қысқа мерзімде анықталған.