«Пиротехника» іс-шарасы өткізілуде
Алматы облысының полицейлері «Пиротехника» жедел-алдын алу іс – шарасын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының полиция қызметкерлері Жаңа жылдық мереке кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалатын бұйымдар айналымы бойынша белгіленген қағидаларды сақтауын бақылау мақсатында облыс аумағында «Пиротехника» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде.
Алматы облысының полицейлері петардалар мен басқа да пиротехникалық өнімдерді сату орындарын мұқият тексеруде.
– Пандемияға байланысты елде қылмыстың кейбір түрлері, оның ішінде пиротехникалық құралдарды заңсыз сату айтарлықтай төмендеді. Дегенмен, аталған іс-шара басталғалы бері жеті тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы (Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – дейді Талдықорған қалалық ПБ бастығы Асқар Нұрсапа.
Тұтынушылар сапасыз пиротехникалық құралдардан түрлі жарақаттар мен күйік алатын жағдайлар аз емес екені бәрімізге белгілі. Осыған байланысты аймақ полицейлері қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Естеріңізге сала кетейік, пиротехниканы осы заттарды сатуға сертификаты бар мамандандырылған дүкендерден сатып алу қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлерге пиротехникалық құралдарды кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынғаны туралы хабарлаймыз. Пандемия кезінде барлық белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!, – деп толықтырды Талдықорған қалалық ПБ бастығы Асқар Нұрсапа.