Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың төрт дерегі анықталды
Түркістан облысында «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасын табуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері пиротехникалық бұйымдарды қолданумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу іс-шарасы 2020 жылдың 26 желтоқсанынан бастап 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасатынын айтады.
Сәйкестік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдарды жаппай сату орындары, сондай-ақ рұқсат құжаттарсыз сатылатын бұйымдар тексерілді.
Нәтижесінде Түркістан облысының полицейлері сәйкестік сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдар сатудың төрт дерегін анықтады. Оның үш дерегі Түркістан қаласында орын алған. Ал қалған бір дерек Мақтаарал ауданында болған.
Аталған құқық бұзушылық бойынша полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабымен (Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау) әкімшілік хаттамалар толтырды. Кінәлі адамдарға 138 900 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Іс-шара Жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен ересектер арасында жарақат алу жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Сондықтан Түркістан облысының полицейлері азаматтарды пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ Жаңа жылдық өнімді тек оны сату үшін арнайы бөлінген сауда орындарынан сатып алуға шақырады.