Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Погон – билік емес, міндет: ІІМ-дегі әйел басшылардың жауапты миссиясы

8-наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Polisia.kz сайтының редакциясы погондағы арулардың кәсіби келбеті мен жауапкершілік жүгін көрсетуді мақсат етті. Себебі олардың еңбегі - көзге көп көріне бермейтін, бірақ қоғам тұрақтылығын бекемдейтін маңызды тірек.

Құқық қорғау саласы ер мінездің, қатаң тәртіптің және темірдей талаптың символы. Сол жауапкершілікті ерлермен қатар нәзік болмыс иелері де тең көтеріп жүр.

Қазақстанда мемлекеттік қызметтің түрлі деңгейлерінде әйелдердің үлесі артып келеді. Әсіресе құқық қорғау саласындағы басшылық лауазымдарға келуі - қоғамдағы көзқарастың өзгергенін білдіреді. Бұрын "ерлер мамандығы" саналған полиция қызметінде кәсібилік пен стратегиялық ойлау жынысқа тәуелді емес екені анық көрініп отыр.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі әкімшілік полиция - қоғаммен ең тығыз жұмыс істейтін құрылым. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу, профилактикалық түсіндіру шараларын жүргізу - барлығы күнделікті, көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды міндеттер.

Әкімшілік полиция - дағдарыс туғанда ғана көрінетін құрылым емес. Ол күн сайын көшеде, мектепте, жол бойында, тұрғын үй алаңдарында жұмыс істейді. Демек, басқару тек бұйрықпен емес, жауапкершілік пен ұйымдастырушылық қабілетпен жүзеге асады.

Міне, осындай стратегиялық маңызы бар бағытта басшылық қызмет атқарып жүрген тұлғалардың бірі - Құралай Карина, ІІМ әкімшілік полиция комитеті аналитикалық жұмыс және бақылау басқармасының бастығы. Оның айтуынша, әкімшілік полицияның басты миссиясы - азаматтардың қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру арқылы қоғамдық тәртіпті тұрақты әрі әділ қамтамасыз ету. Бұл - ұран емес, басқару логикасын айқындайтын қағида.

Қазіргі басқару парадигмасы өзгерді. Қатал талап пен адами коммуникация арасындағы тепе-теңдік - тиімді басшылықтың басты шарты. Әйел басшылар осы үйлесімді жүйелі түрде қалыптастырып келеді.

Құралай Карина жетекшілік ететін бағыт - құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік стандарттарын жетілдіру және профилактикалық механизмдерді күшейту. Бұл - қағаздағы регламент емес, мыңдаған азаматтың күнделікті қауіпсіздігіне әсер ететін шешімдер алаңы.

Соңғы жылдары салада айтарлықтай өзгерістер болды. Бұрын құқық бұзушылыққа әрекет ету басым болса, бүгінде модель алдын алу бағытына көшті.

- Қызмет реакция жасаудан алдын алуға бағытталған модельге өтті. Цифрландыру, бейнебақылау жүйелерінің кеңеюі, сервистік полиция қағидаттары және “нөлдік төзімділік” тәсілі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімділігін арттырды, - дейді басқарма басшысы.

Полиция тек құқық бұзушылықты тіркеуші орган емес, тәуекелдерді ерте анықтайтын құрылымға айналды. Заң мен тәртіпті нығайту - жазалаумен емес, жүйелі профилактикамен өлшенеді. Бүгінде профилактикалық есептің жаңа форматы енгізілді. Тәуекел топтарымен жеке жұмыс жүргізу, цифрлық мониторингті дамыту, учаскелік полиция инспекторларының рөлін күшейту - осы бағыттағы нақты қадамдар.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарымен және қоғаммен бірлескен жобалар іске асырылуда. Барлығы бір мақсатқа бағындырылған: мәселені салдарынан емес, тамырынан шешу. Қатал талап пен адами коммуникация арасындағы тепе-теңдік - тиімді басшылықтың басты шарты.

Құралай Карина басшы ретінде ең күрделі шешімдерді адамның тағдырына, қызметкердің мансабына немесе қоғамдық резонансқа әсер ететін жағдайларда қабылдайды:

- Мұндайда эмоция емес, заң мен жауапкершілік алдыңғы орынға шығады, - дейді ол.

Оның басқару философиясының негізінде тәртіп, әділдік және жеке жауапкершілік жатыр.

- Талап қоя отырып, қолдау көрсету маңызды. Әр қызметкер өзінің маңыздылығын сезінуі керек, - дейді Құралай Карина.

Құқық қорғау саласындағы әйелдердің басшылыққа келуі тек статистикалық өсім емес, басқару сапасының жаңғыруы.

- Бүгінде әйелдер тек орындаушы емес, стратегиялық шешім қабылдайтын деңгейге көтерілді. Бұл - кәсібилік пен біліктіліктің нәтижесі, - деп атап өтті спикер.

Әйел басшылардың артықшылығы - эмоционалдық интеллект, ұсақ-түйекке мұқияттылық, коммуникациядағы икемділік және конфликтіні жұмсарта білу қабілеті. Бұл қасиеттер басқаруда, әсіресе халықпен тығыз жұмыс істейтін әкімшілік полиция жүйесінде маңызды рөл атқарады.

Лауазым жынысқа емес, құзырет пен нәтижеге байланысты бағалануы тиіс. Басшының негізгі өлшемі - кәсібилік.

Құралай Карина еңбек жолын 1996 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін бірден полиция қызметінен бастаған. Мамандығы - орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Педагогикадан құқық қорғау саласына келуі таңқаларлық көрінуі мүмкін, бірақ бұл таңдау оның ішкі ұстанымымен үндес.

Қызметін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекциядан бастаған. Қоғамның ең осал буынымен жұмыс - кәсіби шыңдалудың алғашқы мектебі болды. Кейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінде еңбек етті. Адам тағдыры, әлеуметтік дерт, үнсіз қасірет - полиция формасының ар жағында күрделі жауапкершілік жатқанын терең сездіреді.

Құралай Карина өмірлік жарын да осы қызметте жолықтырған. Жолдасы - ішкі істер органдарының қызметкері, қазір жеті жылдан бері зейнет демалысында. Екі қыз тәрбиелеп отыр: үлкені - ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, кіші қызы - IT мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтап жатыр.

- Мемлекеттік қызмет - үлкен жауапкершілік. Уақытты тиімді жоспарлау мен отбасының қолдауы жауапты қызмет пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді, - дейді кейіпкеріміз.

Қызметке оны әділдікке деген ішкі ұмтылыс жетелеген. Азаматтардың алғыс білдірген кездері - есте қалған сәттердің бірі.

Жас буын полицейлерден ол жоғары кәсібилік, адалдық және халықпен жұмыс істей білу қабілетін күтеді:

- Қиындықтан қорықпау, білімге ұмтылу және өз қабілетіңізге сену. Бұл салада табандылық пен тәртіп басты қасиет. Погон - билік емес, жауапкершілік. Бұл халық сенімін ақтау міндеті. Погон иықта тұрады, ал оның салмағы жүректе, - дейді Құралай Карина.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру