Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Погон таққан әйел": Гүлмира Шашенова елге, заңға және тәртіпке адал қызмет етуде

Бүгінде полиция қатарында өз ісіне адал, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын және қоғам қауіпсіздігі жолында ерлермен иық тіресе қызмет етіп жүрген нәзік жандар аз емес. Солардың бірі – Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасында ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор, ұйымдастырушылық-талдау тобының қызметкері Гүлмира Шашенова туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Гүлмира мектеп кезінен-ақ полиция формасын киіп, ел тыныштығын қорғауды армандаған. Сол арман оны 2007 жылы Павлодар облыстық Ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына алып келді. Ол қызмет жолын бейнебақылау бойынша кезекші инспектор ретінде бастаған. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция бөлімінде тоғыз жыл қызмет етті.

– Бұл бөлімде қызмет ету оңай болған жоқ, кейде жүрек ауыртар жағдайларға да куә болдық. Бірақ мен үшін басты қағида – жас ұрпақтың болашағы. Кейде балаға жылы сөз айтып, дұрыс бағыт көрсету жеткілікті. Сол сәттегі өзгерісті көру – ең үлкен қуаныш, – дейді құқық қорғау саласының өкілі.

Гүлмира Тастемірқызының айтуынша, офицерлік қызметке деген сүйіспеншілігі еңбекқорлық пен адалдыққа негізделген.

– Мен офицерлер әулетінен емеспін, қарапайым жұмысшылар отбасында өстім. Бірақ ата-анамнан ең басты құндылықтарды – еңбекқорлықты, жауапкершілікті және адамдарға құрметпен қарауды үйрендім. Ал полицияда менің ұстаздарым тәжірибелі офицерлер болды. Олардан көп нәрсе үйреніп, өз жолымды қалыптастырдым. Бастапқыда бұл қызмет маған романтикадай көрінді, алайда аз уақыт ішінде оның артында үлкен еңбек пен ерік-жігер жатқанын түсіндім, – дейді Гүлмира.

Бүгінде ол көші-қон қызметінің жұмысын үйлестіру мен бақылауға жауапты. Мемлекеттік органдармен, корпорациялармен және жергілікті атқарушы құрылымдармен өзара іс-қимыл жүргізіп, талдау мен жоспарлау бағытында маңызды міндеттерді атқарып келеді.

Қызметте Гүлмира – өз ісінің кәсіби маманы, ал үйде – қамқор ана, мейірімді жар. Ол екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Балаларына адалдық, ізгілік пен мейірімділікті өмірлік ұстаным ретінде сіңіруге тырысады.

– Қызмет әрдайым толық берілу мен тәртіпті талап етеді. Ал отбасы – офицердің рухани тірегі. Жұмыста мен өз міндетіме бар зейінімді саламын, ал үйде жақындарымның жанында болып, қолдау көрсетемін. Әрине, бәрін қатар алып жүру оңай емес, бірақ отбасының түсіністігі мен қолдауының арқасында бәрі мүмкін болады, – дейді Гүлмира Тастемірқызы.

Әріптестері оны жауапты, іскер әрі адамгершілігі мол полицей ретінде сипаттайды. Олар өз қатарында осындай қызметкердің бар екенін мақтан тұтады.

– Қанша жыл өтсе де, мен бір нәрсені анық түсіндім: өз орнымды таптым, қызметім – менің өмірлік жолым. Ең бастысы – халқыма, заңға және тәртіпке адал болу, – дейді полиция капитаны Гүлмира Шашенова.

Оның өмірлік ұстанымы қарапайым да мағыналы: ел тыныштығы мен қоғам игілігі жолындағы қызмет – бұл тек жұмыс емес, бұл – жүрек таңдауы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру