Өмірін ел қауіпсіздігіне арнаған полицейдің бір күні
Халықтың тыныштығы мен ел қауіпсіздігін қорғау жолында абыроймен қызмет етіп жүрген полицейлердің бірі – Павлодар облысы полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Сыздыкова. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ол – кәсібіне адалдық пен табандылықтың, дәстүр мен заманауилықтың үйлесімін паш еткен нағыз заманауи полицей бейнесі.
Меруерт Жеңісқызының құқық қорғау саласындағы еңбек жолы 2001 жылы басталған. Сол жылы ол институтты тәмамдап, полицейлік форма киіп, Ақсу қаласындағы конвойлық қызметке тағайындалған еді. Бұл кезеңде полицияда алғаш рет әйел-конвойшылардың лауазымдары енгізілген болатын.
– Бала күнімде күн сайын милиция формасын киген атам Қабылдин Максұт Қаймолдинұлы мен әкем Қаймолдин Жеңіс ағамды көріп өстім. Сондықтан болашақ мамандығым туралы сұрақ туындаған жоқ – мен заңға қызмет етемін деп ерте білдім. Конвой қызметіндегі басты міндетіміз – қамауға алынған азаматтарды белгіленген жерге уақтылы жеткізу және олардың тәртібін қамтамасыз ету болатын, – деп еске алады Меруерт Жеңісқызы.
Кейін ол көші-қон полициясына ауысып, онда 16 жыл бойы үздіксіз қызмет атқарды. Бұл кезеңде жас сержант ретінде жауапты істерге араласып, тәжірибе жинақтап, өз ісінің нағыз маманына айналды.
– Көші-қон қызметінде бағыттар өте көп болды: адамдардың шекарадан өтуін бақылау, шетел азаматтарына тұру және еңбек етуге рұқсат беру, көші-қон заңнамасының сақталуын қадағалау. Бөлімше бастығы дәрежесіне дейін көтерілдім. Қай қызметте болсам да, мақсатым бір – қылмыспен күресу және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді офицер.
Жеті жыл бұрын Меруерт Жеңісқызы департаменттің ақпараттандыру және байланыс басқармасына ауысып, бүгінде осы басқарманың бастығының орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның негізгі міндеттеріне жалпы есеп жүргізу, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және заманауи технологияларды енгізу кіреді.
Басшылық оның жоғары кәсіби қағидаларын, бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетін ерекше бағалап, жауапты қызметті сеніп тапсырған.
Қызметтен тыс уақытта Меруерт Жеңісқызы шығармашылықтан қол үзбейді – ол Құрманғазы атындағы музыка мектебін, Чайковский атындағы училищені және Алматы мемлекеттік консерваториясын домбыра класы бойынша тәмамдаған. Домбыра үні оның өмірінде рухани тыныштық пен шабыт көзіне айналған.
Полиция әулетінің өкілі ретінде Меруерт Сыздыкова өз ісіне мақтанышпен қарайды. Ол үшін полиция формасы – жай киім емес, адалдық пен жауапкершіліктің белгісі.
– Мен үшін полициядағы қызмет – тек жұмыс емес, бұл өмірлік миссия. Біз өз борышымызды орындау арқылы қоғамға сенім мен қауіпсіздік сыйлаймыз. Әр күнім – елім мен халқым алдындағы адалдықтың дәлелі, – дейді Меруерт Сыздыкова.
Погон таққан нәзік жан иесі Меруерт Сыздыкова – нағыз кәсібіне берілген, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып, қоғамға қызмет етудің биік үлгісін көрсетіп жүрген офицер.
