"Погон таққан патриот": мемлекеттік тіл арқылы жүрекке жол тапқан тергеуші
Атырау қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Юлия Кузнецова – қазіргі заманғы полиция қызметкерінің жарқын бейнесі. Ол – өз ісіне шын берілген кәсіби маман, елін сүйген нағыз патриот, әрі мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, күнделікті қызметінде сенім көпіріне айналдыра білген жан. Юлия туралы ақпаратты Polisia.kz сайты баяндап береді.
Құрманғазы ауданының Сафоновка ауылында дүниеге келген Юлия бала кезінен-ақ арманшыл әрі мақсатшыл болып өсті. Бірлік ауылындағы Имашев атындағы мектепте оқып жүрген кезінде-ақ түрлі олимпиадаларға қатысып, заң мен әділеттілікті ту еткен мамандық иесі болуды көкседі. Айналасындағылардың күмәніне, өзге ұлт өкілі екендігіне қарамастан, отбасының қолдауымен Ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсіп, өмір жолын мемлекеттік қызметпен байланыстырды.
— Қазақ тілінде сөйлейтінімді мақтанышпен айтамын. Бұл — тек міндет емес, бұл — Қазақстан халқына, тілі мен мәдениетіне деген құрмет, — дейді Юлия.
Оның айтуынша, тергеу саласында жұмыс істегенде адамдармен – жәбірленушілермен, куәгерлермен, күдіктілермен ашық сөйлесу, сенімге кіру аса маңызды. Ал мұның кілті – тіл білу.
— Адам өз ана тілін естігенде жүрегі жылып, сенім артады. Тіл – тек байланыс құралы емес, ол – жан дүниеге жол ашатын көпір, — дейді тергеуші.
Қазіргі таңда Юлия – талай күрделі істі тергеп, тәжірибе жинақтаған, әділет жолында аянбай тер төгіп жүрген қызметкер. Оның күнделікті жұмысы – сұрақ алу, оқиға орнына бару, айғақ жинау, дәлелдерді саралау. Бірақ бұл мамандықта ең бастысы – адамдарды тыңдай білу, жанашырлық танытып, әділ шешім шығару.
— Тергеуші болу – білім мен табандылықты, сонымен қатар рухани күшті қажет ететін жұмыс. Кейде алдыма өмірден түңіліп келген адамдар келеді. Мұндай сәтте тек ресми хаттама толтырып қоймай, ең әуелі адамға қолдау көрсету маңызды. Қазақ тілінің жылылығы мен мейірімі осындайда ерекше сезіледі, — дейді ол.
Юлия полиция қызметкері болудың үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінеді. Бірақ әрбір қадамымен, жан-тәнімен атқарып жүрген қызметімен: "Нағыз мықтылық – қатты сөйлеуде емес, нақты істе" екенін дәлелдеп келеді.
— Көпшілігі таңданып: "Сіз тергеуші боласыз ба?" – деп сұрайды. Мен жымиып: "Иә, мен тергеушімін, және бұл менің мақтанышым", – деп жауап беремін. Погон таққан әйел – бұл біртүрлі құбылыс емес, қалыпты жағдай. Біз – қоғам тыныштығын қорғайтын күштің бір бөлшегіміз, — дейді Юлия.
Қызметтен тыс уақытта ол өзін жан-жақты дамытуға көңіл бөледі: спортпен шұғылданады, ән салады, би билейді, шығармашылықпен айналысады. Әлеуметтік желілерде белсенді — тәжірибесімен бөлісіп, жастарға мотивация береді. Сонымен қатар білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмайды: алдағы жоспарында ІІМ академиясында магистратураға, кейін докторантураға түсу бар. Болашақта ұстаз болып, өз білгенін жастармен бөлісуді армандайды.
— Мен жастар қазақша сөйлеуден ұялмаса, керісінше оны мақтаныш етсе, ақылды әрі патриот болудан қорықпаса деймін. Себебі біздің тіліміз – біздің күшіміз, — дейді Юлия.
Юлия Кузнецова – қазақ тілін жүрекпен қабылдаған, өзге ұлт өкілі бола тұра мемлекеттік тілді еркін меңгерген нағыз заманауи тұлға. Ол үшін қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы емес, бұл – халықпен рухани үндестік орнатудың жолы, елге деген шынайы құрметтің көрінісі. Оның өз ісіне деген адалдығы мен тілді шебер меңгеруі – жас буын үшін үлкен өнеге.
Ол өзінің болмысымен дәлелдеп жүр: мемлекеттік тілді меңгеру – тек заң талабы емес, бұл – жүрек қалауы, ар мен намыс ісі. Жастарға үндеуі де осыған саяды: "Қазақ тілінде сөйлеуден ұялма! Мақтан!"
Юлия Кузнецова – бүгінгі Қазақстан полициясының айнасы. Жауапты, әділетті, кәсіби және патриот. Осындай қызметкерлердің арқасында елімізде заң үстемдігі орнап, ел болашағы сенімді қолда болмақ.