Погондағы фотограф: тәртіп пен талант үйлесімі
Тәртіп пен талантты қатар алып жүрген шенді фотограф Шәкиев Дамир жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД №37 мекемесінде жедел басқару орталығының бақылаушы болып қызмет атқаратын Шәкиев Дамир – өз ісіне адал, талапты әрі шығармашылыққа жаны жақын жас маман.

Дамир Шәкиев Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата университетінде білім алған. Бала кезден тәртіп сақшысы болуды армандаған. 2025 жылдан бастап қызметке қабылданған Дамир Талғатұлы бүгінде ҚАЖД-ның жас қызметкері болса да, өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Ол қызмет пен өнерді ұштастыра білген азаматтардың бірі.

Алайда оның жүрегіне жақын іс – фотосуретке түсіру. Қызметке келмей тұрып-ақ, ол кәсіби фотограф болып жұмыс істеген. Камераның ар жағынан әлемге басқа көзқараспен қарап, әр сәттің сұлулығын кадрға сыйдыруға тырысады. Табиғаттың көрінісі, қаланың тынысы, адамдардың көңіл-күйі – бәрі де оның фотоларынан айқын сезіледі.

Бүгінде Дамир өз мекемесіндегі әріптестерінің жұмыс сәттерін, қызметтік күнделікті өмірді фотоаппарат объективі арқылы бейнелеп, ҚАЖ қызметкерлерінің еңбегін насихаттауға үлес қосып келеді.

Сонымен қатар Дамир түрлі фотожарыстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрген дарынды фотограф. Оның еңбегі тек қызметтестерінің ғана емес, фотоөнерге қызығушылығы бар жастардың да қызығушылығын оятады.

Айта кету керек, Дамирдің әкесі – Талғат Шәкіұлы, ІІО ардагері, зейнеткер. Жас полицей әке жолын жалғап, сол дәстүрлі қызметті жалғастырып келеді.
– Әкем әрдайым елге адал қызмет етудің, жауапкершіліктің маңызын үйретті. Мен сол жолды жалғастыруға тырысамын. Ал айналаны суретке түсіру – мен үшін жаныма рахат сыйлайтын, шабыттандыратын іс. Өмірдің әдемі сәттерін есте қалдырудың керемет тәсілі, – дейді Дамир Шәкиев.

Өз мамандығын сүйетін, қызметке берілген әрі шығармашылықты серік еткен Шәкиев Дамир Талғатұлы – погондағы фотограф, ел тыныштығын күзете жүріп, өнер әлемінде де өз ізін қалдырып жүрген жас маман.
