Пойызда қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушы жауапқа тартылды
Пойызда қоғамдық тәртіпті бұзған жолаушы жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы жылдың басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 38 568 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде 2791 факт - спирттік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу, 273 факт - ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар.
Осындай жағдайлардың бірі 28 мамырда Қызылорда — Көкшетау бағытындағы жолаушылар пойызында болды. Сарышаған станциясында пойыз бастығының актісі бойынша көлік полицейлері 38 жастағы Сәтбаев қаласының тұрғынын түсіріп тастады. Әйел адамның мас күйінде болғаны, бейәдеп сөздер айтып, өзге жолаушыларға кедергі келтіріп, қоғамдық тәртіпті бұзғаны анықталды.
Медициналық куәландыру нәтижесі оның орташа дәрежеде мас болғанын көрсетті. Әйел адам қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қосымша тексеріс барысында аталған азаматшаның бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны белгілі болды.
Көліктегі ПД пойыздағы тәртіпке әрбір жолаушы жауапкершілік артатынын еске салады. Алкогольдік ішімдіктер ішу, дөрекі мінез-құлық көрсету мен жанжал шығару – өзгелердің құқығын бұзу болып саналады әрі құқыбұзушы міндетті түрде тиісті жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.