Полицейлер балаларды тасымалдау ережелерін бұзған 683 павлодарлық жүргізушіні анықтады
Полицейлер балаларды тасымалдау ережелерін бұзған 683 павлодарлық жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының полиция қызметкерлері жүргізуші-ата-аналардың назарын көлік құралында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды қатаң сақтаудың маңыздылығына аударуда. Атап айтқанда қауіпсіздік белдіктерін және балаларды ұстап тұратын арнайы құрылғыларды пайдалану - міндетті талап әрі баланың өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі кепілі.
Бұл талаптар жай ғана формалдылық емес, әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шара екендігін түсіну маңызды. Қашықтықтың қысқа немесе ұзақ болуына қарамастан — мейлі ол мектепке дейінгі жол болсын немесе демалыс күндері қала сыртына шығу болсын - көліктегі баланың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті талаптар орындалуы тиіс.
Такси қызметін пайдаланатын ата-аналарға тасымалдаушы компанияны таңдауда мұқият болып, баланың қауіпсіз тасымалдануы қамтамасыз етілетініне алдын ала көз жеткізу ұсынылады.
Сонымен қатар полицейлер балаларды көлік салонында алдыңғы орындықта немесе жүргізушінің алдына алып тасымалдауға қатаң тыйым салынғанын ескертеді. Себебі кенеттен тежеу немесе жол-көлік оқиғасы кезінде бала соққының барлық ауыртпалығын өзіне қабылдауы мүмкін.
Жыл басынан бері балаларды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін 683 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заң және тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, тәртіп сақшылары жүргізушілерді балаларды көлікте тасымалдаудың белгіленген ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Бұл талаптар жол-көлік оқиғалары кезінде «кішкентай жолаушылардың» өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
