Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер 1500-нан астам азаматқа қызмет көрсетті

Жыл басынан бері Павлодар облысы Тереңкөл ауданының ПБ кезекші бөліміне 1500-нан астам қоңырау келіп түскен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер органдарының кезекші бөлімдері құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қиын жағдайда қалған азаматтар бірінші кезекте дәл осы кезекші бөлімдерге жүгінеді. Көбінесе, қылмыскерді ұстау немесе қылмысты ашу ғана емес, сонымен бірге адам өмірі де кезекші бөлім қызметкерлерінің жылдам әрі сауатты әрекеттеріне байланысты.

Тәулік бойы жұмыс істей отырып, кезекші бөлімдер аудандағы жедел жағдайдың дамуын қадағалайды, ондағы кез келген өзгеріске ден қойып, азаматтардың барлық өтініштері мен хабарламаларына дереу жауап береді.

Биылғы жылдың басынан бастап Тереңкөл ауданы ПБ кезекші бөлімінің кезекші инспекторлары азаматтардан 1500-ден астам телефон қоңырауын қабылдады. Оның 30% – ы анықтамалық сипатта.

Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өтініштер санының 10% – ға төмендегені байқалады.

Кезекші бөлімнің аға инспекторы Қуаныш Аятовтың айтуынша, тәулігіне ” 102 ” нөміріне орташа есеппен 7-10 қоңырау келіп түседі.

– Көптеген қоңыраулар тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы және басқа қызметтердің жұмысына қатысты консультативтік сипатта болады. Азаматтар мекемелер мен ұйымдардың орналасқан жерін, олардың телефон нөмірлерін сұрайды, – дейді Қуаныш Аятов.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кезекші инспекторлардың негізгі міндеті – жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар мен қылмыстар туралы хабарламаларды тәулік бойы қабылдау. Мұндай жағдайларда азаматтың кезекші инспектормен байланысының әр минутының маңызы зор.

Консультативтік сипаттағы қоңыраулар жедел желіні босатпай, полицияның көмегіне нақты мұқтаж азаматтардың қоңырауларына бөгет болады.

“102” желісінде күтуді болдырмау мақсатында Тереңкөл ауданының полиция бөлімі аудан азаматтары мен қонақтарын полиция органдарының құзыретіне жатпайтын мәселелер бойынша анықтамалық сипаттағы кеңес және тиісті ұйымдар мен мекемелер туралы мəлімет беру көзделген “109” нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығының қызметіне хабарласуды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру