Полицейлер ақмолалық кәсіпкерлерге қар тазалау талаптарын сақтауды ескертті
Полицейлер ақмолалық кәсіпкерлерді қар тазалау талаптарын сақтауға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыс мезгілінде жауын-шашынның қар түрінде көп мөлшерде түсуіне байланысты Ақмола облысының полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге қарды арнайы белгіленген орындарға шығару қажеттілігін еске салуда. Әрбір елді мекенде жергілікті атқарушы органдармен келісілген қар жинауға арналған арнайы алаңдар бар екенін атап өтті.
Тәртіп сақшылары рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кәсіпкерлерге коммерциялық нысандардың аумағынан қарды уақытылы тазартудың маңыздылығын түсіндіруде. Олар алынбаған қардың қала көшелерінің көркін бұзып қана қоймай, жаяу жүргіншілер үшін қауіпті кедергі туғызатынын, сондай-ақ көктем мезгілінде су тасқыны қаупін арттыратынын ескертуде.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, коммерциялық объектілерге іргелес аумақтарда қарды дұрыс емес жерге төгу немесе сақтағаны үшін айыппұл салынады. Оның мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің көлеміне байланысты 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы құрайды.
2024 жылдың басынан бері табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері елді мекендерде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 10 101 құқық бұзушыны жауапкершілікке тартқан.
Полиция қызметкерлері кәсіпкерлерді қарды тек ресми түрде рұқсат етілген арнайы алаңдарға шығаруға шақырады. Бұл тек тәртіп пен тазалықты сақтау ғана емес, көктемгі су тасқынының алдын алу мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.