Полицейлер әскери қызметкерлерге интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын айтты
Алматы облысының полицейлері десанттық-шабуылдаушы бригаданың әскери қызметкерлеріне киберқауіпсіздік бойынша профилактикалық іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараны ұйымдастырушы – облыстық киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы.
Цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан заманда әрбір интернет пайдаланушысы қауіп аймағында. Әсіресе, әлеуметтік желілерді, онлайн-банкинг пен мобильді қосымшаларды белсенді қолданатын жастар үшін бұл өте өзекті. Бұл әскери қызметкерлерге де қатысты.
Полицейлер интернет-алаяқтарға алданбау жолдарын, кең таралған алаяқтық схемаларын, жалған сайтты шынайы сайттан қалай ажыратуға болатынын, сондай-ақ жеке мәліметтер мен кодтарды үшінші тұлғаларға не себепті беруге болмайтынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Қатысушыларға киберқылмыстың құрбаны болған жағдайда не істеу керектігі және аккаунттарды, құрылғыларды мен банк карталарын қорғау бойынша нақты кеңес берілді.
– Бүгінгі кездесу – өте маңызды. Елді қорғау тек қару ұстаумен шектелмейді, сонымен қатар жаңа қауіптерге – соның ішінде виртуалды қауіптерге – төтеп бере алумен тікелей байланысты. Цифрлық сауаттылық – қоғамның басты міндеттерінің бірі, – деді полиция қызметкерлері.
Шара соңында жауынгерлерге интернет-алаяқтықтан қалай сақтану, желідегі күдікті әрекеттер кезінде қайда жүгіну, жеке деректерді қорғау үшін қандай әрекеттер жасау қажеттігі туралы пайдалы ақпарат жинақталған арнайы парақшалар таратылды.
Шара әскери қызметкерлердің зор қызығушылығын тудырды. Сарбаздар белсенді түрде сұрақ қойып, жеке тәжірибелерімен бөлісіп, желіде мұқият болуға дайын екендігін білдірді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай тәжірибеге негізделген кездесулер цифрлық тұрақтылықты қалыптастыруда аса тиімді.
Киберқауіпсіздік саласындағы профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Полицейлер осындай сабақтарды басқа әскери бөлімдер мен мемлекеттік мекемелерде де өткізуді жоспарлап отыр.