Полицейлер атыраулық жүргізушілерге жол қауіпсіздігі туралы ескертті
Полицейлер атыраулық жүргізушілерге жол қауіпсіздігі туралы ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 18-20 наурыз аралығында республика көлемінде "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Осы ретте Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері тас жолда көлік жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе жылдамдықты асырмау, жолда сақ болу, жаяу жүргіншілерге жол беру және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді мәселелерге ерекше назар аударылды.
Түсіндіру жұмыстары барысында көлік жүргізушілеріне, оның ішінде такси жүргізушілеріне жол ережелерін бұзу салдары, оның ішінде жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін факторлар туралы айтылды. Полицейлер жүргізушілерді көлік тізгіндеген кезде телефон қолданбауға, шаршаған күйде рөлге отырмауға және көлік құралдарының техникалық жағдайын тұрақты түрде тексеріп отыруға шақырды.