Полицейлер бөгде адамның атына несие ресімдеді деген күдікпен петропавлдықты ұстады
Полицейлер бөгде адамның атына несие ресімдеді деген күдікпен петропавлдықты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілде айында полицияға өткен жылы өзінің атына шағын несие ұйымдарының бірінде несиенің ресімделгенін анықтаған облыс орталығының тұрғыны жүгінді.
Қылмыстың бұрын жасалғанына қарамастан, солтүстікқазақстандық жедел уәкілдерге күдіктіні анықтау мүмкін болды. Күдікті 33 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Сөзіне қарағанда, ол бірде көшеде келе жатып жәбірленушінің жеке мәліметтері көрсетілген құжат көшірмесін тауып алған. Мәліметтерді пайдалана отыра, интернет арқылы несие ресімдеген. Шығын 50 мың теңгені құрады.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
– Бөтен біреудің атына несие ресімдеу – ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі болды. Қазіргі уақытта мұндай жолмен жасалған қылмыстар тіркелген жоқ. Полицейлер мен шағын несие ұйымдарының иелері арасындағы диалог кезінде маңызды келісімге қол жеткізілді: шағын несие ресімдеу шарттары қатаңдатылды, енді несиені жеке тұлғаны растамай ресімдеу мүмкін емес, – деп атап өтті СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.