Полицейлер дабыл қағуда: көліктерді қараусыз қалдырмаңыз
Жаз мезгілінің басталуымен көптеген жүргізушілер көліктен шыққанда терезелерін немесе есіктерін жабуды ұмытып кетіп жатады. Осындай немқұрайлылық жағдайлары автокөлік ішінен бағалы заттардың ұрлануына немесе көліктің өздігінен айдап әкетілуіне себеп болуда. Осыған байланысты Павлодар облысының полиция қызметкерлері аулаларда қараусыз қалған көліктерді анықтау мақсатында үнемі рейд жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары көше және аула аралау кезінде терезелері, есіктері немесе жүксалғыш бөлігі ашық тұрған 2125 автокөлікті анықтады. Мұндай жағдайларды ұрлық жасаушылар өз пайдасына оңтайлы пайдаланып үлгерген.
Мәселен, Mersedes Benz жүргізушісі полицияға белгісіз біреудің оның көлігін айдап кеткені туралы хабарлаған. Оның айтуынша, ол пиццерияға бір минутқа кіріп шыққан уақытта көліктің есігі ашық қалып, кілті тұтану тетігінде тұрған. Тағы бір жағдайда павлодарлық тұрғын Фольксваген Пассат көлігінен айырылған — көлік есіктері жабылмаған, дабыл жүйесі іске қосылмаған, ал қосалқы кілттер салонда болған. Сонымен қатар Газель жүргізушісі дүкен жанында автокөлік салонынан ұялы телефонының ұрланғанын хабарлаған.
Мұндай оқиғалардың алдын алудың бірден-бір жолы — автокөлік иелерінің өз мүлкіне ұқыптылықпен қарап, қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауы.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге көлікті тіпті қысқа уақытқа қалдырған жағдайда да есіктер мен терезелерді міндетті түрде жабуды, құнды заттарды көзге көрінетін жерге қоймауды, оларды өзіңізбен бірге алып жүруді ұсынады. Көлікті түнгі уақытта қараусыз қалдырғанда, тұрғын үйлердің аулаларынан гөрі, күзетілетін тұрақтарға қойған жөн. Қосымша қауіпсіздік үшін дабыл жүйесін орнату да артық етпейді.
Егер сіз қылмыс куәсі болсаңыз, дереу полицияға хабар бергеніңіз абзал. Қылмыс туралы неғұрлым ертерек хабарланса, ұрланған мүлікті қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болмақ.