Полицейлер кәсіпорын қызметкерлеріне киберқауіпсіздік ережелерін үйретуде
Интернет-алаяқтықтың алдын алу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Алматы облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы еңбек ұжымдарына барып, бірқатар профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Басқарма қызметкерлері Алатау қаласы әкімдігінің өкілдерімен, "Қапшағайжылу" электр орталығы және Қапшағай өңірінің газ желілері қызметкерлерімен кездесіп, интернет алаяқтардан сақ болудың жолдарын түсіндірді.
Полицейлер интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлерін таныстырды: фишингтік шабуылдар, жалған инвестициялық жобалар, банктердің жасанды сайттары, өздерін қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстыратын алаяқтардың қоңыраулары, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер.
Кездесуде цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, жеке және корпоративтік деректерді қорғау тәсілдері мен алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда не істеу керектігін айтты.
Полицейлер азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге, өздерін банк қызметкері деп таныстырған бейтаныс адамдарға сенбеуге және кез келген ақпаратты тек ресми дереккөзбен тексеруді ескертеді.
Киберқауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыс өңірдің өзге де ұйымдары мен мекемелерінде жалғасады. Цифрлық трансформация жағдайында әр адамның жеке сақтығы – алаяқтардың жолындағы алғашқы кедергі екенін ұмытпаған жөн.