Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер көлік жүргізу кезінде смартфон қолданудың жауапкершілігі туралы ескертті

Павлодар облысының полицейлері көлік тізгінінде отырып, смартфон қолданудың қауіптілігіне назар аудартып, жүргізушілерді мұндай әрекеттерден бас тартуға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірде көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану жағдайлары жиі кездесіп, жол-көлік оқиғаларына себеп болуда.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері рөлде отырып телефонмен сөйлескен 1 029 жүргізуші жауапқа тартылған.

– Телефонмен сөйлесудің рөлдегі адам үшін қауіпті екені баршаға аян. Дегенмен, көптеген жүргізушілер бұл тыйымды елемейді. Олар көлікті басқара жүріп, бір қолымен смартфонды ұстап, назары екіге бөлінген күйде жүреді. Бұл — жолдағы басқа адамдардың өміріне қауіп төндіретін салғырттық, – дейді полиция өкілдері.

Мамандардың айтуынша, нағыз тәртіпті жүргізуші қажет болса, көлікті тоқтатып сөйлеседі немесе қоңырауға кейінірек жауап береді. Ал өзін тым сенімді санайтын жүргізушілер жол қауіпсіздігін елемей, кез келген сәтте қоңырау қабылдауға дайын тұрады.

Полиция департаменті ескертеді: көлік басқару кезінде ұялы телефон немесе радиостанция қолданған тұлғаға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін өседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру