Полицейлер "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағын тазалады
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Алматы облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының қызметкерлерімен бірге табиғи аумақты қоқыстан тазартып, ауқымды іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйымдастырушылар табиғатты қалпына келтіруге ғана емес, экологиялық құқық бұзушылықтың алдын алуға да ерекше көңіл бөлуде. Демалушыларға және іргелес жатқан елді мекендердің тұрғындарына қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау және экологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндірді.
– Ұлттық саябақтар – біздің табиғи мұрамыз. Осы бірегей орындардың тазалығы мен сұлулығын сақтау – біздің ортақ міндетіміз, – деп атап өтті полицейлер.
Жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясы 17 заңсыз үйіндіні жойып, жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау ережелерін бұзудың 913 фактісін тоқтатты. Қоғамдық орындарды ластаудың 2579 фактісін, аңшылық және жануарлар дүниесін пайдалану ережелерін бұзудың 467, сондай-ақ балық аулау және су ресурстарын қорғау ережелерін бұзудың 260 фактісін анықтады.
Полиция қызметкерлері табиғатты аялау тек экологтардың ғана емес, әр адамның азаматтық борышы екенін ескертеді.
- Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана біз болашақ ұрпақ үшін Қазақстанның бірегей табиғатын сақтай аламыз, - дейді тәртіп сақшылары