Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер Мамлют ауданындағы бір ауылдың дүкенінен 120 литрден астам алкогольді тәркіледі

СҚО полицейлері бір жылдың ішінде бір тоннадан астам заңсыз алкоголь өнімдерін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлер Мамлют ауданындағы бір ауылдың дүкенінен 120 литрден астам алкогольді тәркіледі. Дүкенде спирттік ішімдікті сатуға рұқсат беретін лицензиясы болмаған, алайда, арақ сатылған екен. Сауда нүктесінің иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша материал жинастырылды. Дәл осы бап бойынша үйінде ащы суды саудалаған аудан орталығы Мамлютканың 59 жастағы тұрғыны жауапқа тартылды. Сатуға дайындап қойған арақ алынды.

– Алкогольдік өнімді сатумен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша рейдтер жаңажылдық мереке күндері күшейтілді, – деді Мамлют ауданы ПБ бастығы Серік Әлжанов. Заңмен спирттік өңімдерді тиісті рұқсат құжатынсыз сатуға тыйым салынған. Сондай-ақ, алкогольді 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға болмайды. Құрамында спирті бар өнімді кешкі сағат 21.00-ден келесі күннің сағат 12.00-не дейін сатуға тыйым салынған. Заңсыз саудагерлердің қызметімен пайдаланбауға шақырамыз. Лицензиясы жоқ алкоголь денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін, мұны естен шығармаған жөн.

Өткен жылы СҚО-да лицензиясы жоқ алкоголь сатудың 185 фактісі анықталды. Спирттік ішімдіктерді сату ережелерін 156 сатушы мен сауда нүктелерінің иелері бұзған. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 282-бабы (Қазақстан Республикасының этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу) бойынша 11 факті анықталды – сатушылар спирттік ішімдікті төмен бағамен немесе бөліп құйып сатқан. 12 айдың ішінде 1200-ден астам заңсыз алкоголь тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру