Полицейлер мас адамды құтқарды
Қапшағай қаласының тәртіп сақшылары аязды күні далада қалған мас адамның өмірін құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қапшағай қаласы ПБ қызметкерлері түнгі мезгілде әкімшілік аумақты автопатрульдеу кезінде саяжайларға баратын жолда қозғалыссыз жатқан адамды байқаған.
Тәртіп сақшылары оның жанына жақындағанда оның масаң күйде екені және денесінде үсік шалу белгілері бар екені белгілі болды.
– Саяжайларға баратын жолдағы көпірдің астында жатқан адамның сұлбасын байқап қалдық. Далада қатты аяз болған. Жатқан адамның қолынан үсік шалу белгілерін көріп, бірден сол жерге жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер тұрғынды ауруханаға алып кетті, – деді №258 экипаждың мүшесі Әділбек Жүнісханов.
43 жастағы тұрғын Қапшағай қалалық ауруханасына жеткізілген. Оған алкогольдік масаю және дененің қатты тоңуы түріндегі диагноз қойылған. Бірнеше сағаттан кейін ол емделу үшін өз еркімен үйіне жіберілген.
Өз кезегінде полицейлер қысқы мезгілде балалар мен масаң күйдегі адамдарды далаға бақылаусыз жіберудің қауіпті екенін ескертеді. Әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарына хабарлама таратқан полицейлер осыған ұқсас қандай-да бір жағдайдың куәгері болған жағдайда жедел түрде «102» нөміріне немесе өзге де арнайы қызметтерге хабар беруді сұрайды.